Түркістан облысында бірнеше көліктің жол апатына түсіп, іс бойынша тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, бейнежазбадағы жол апаты 28 қыркүйекте Төле би ауданы Көксайек ауылы көшелерінің бірінде болған. Видеода Ваз-2103, Audi 100, Mazda 626 маркалы көліктері жол апатына түскенін көруге болады.
"Төле би аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары жүрісі күдік тудырған көлік жүргізушісіне күмәнданып, қандай да бір апаттың алдын алу үшін мән-жайды білуге тоқтатпақ болады. Осы сәтте көлік иесі одан сайын жылдамдықты асырып, тоқтаудың орнына қаша жөнелген. Көз ілеспес сәтте қашқан автокөлік басқа да көліктерге соқтығысып, салдарынан жол апаты болған. Оқиға орнына Төле би АПБ-ның басшылығы мен прокурорлар, жедел-тергеу тобы келді", - делінген хабарламада.
Ал аталған жайт Төле би АПБ-ға ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен тіркелген. Жол апаты салдарынан Ваз 2103 көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қаза болып, оның жолаушысы мен Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсті.
"Қажет бірқатар сараптама тағайындалды. Ал қаза болған жүргізушінің туыстары жол апаты бойынша полиция қызметкерлерінің үстінен арызданды. Олардың шағымы бірден тіркеуге алынып, Түркістан облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жол апатының себеп-салдары мен мән-жайын анықтауға қатысты жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама нәтижесі күтіледі. Заңға сәйкес сараптама қорытындысымен нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады. Бұл іс Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке бақылауында", - деді ведомство өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!