- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында жағаұстатарлық...
Түркістан облысында жағаұстатарлық қылмыс: ұлы әкесін достарымен келісіп өлтірмек болды
Түркістан облысында жағаұстатарлық қылмыс болды. Несие қарызына белшесінен батқан 19 жастағы жігіт әкесін өлтірмек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Отырар" сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, оқиға Төле би ауданында болған. 19 жастағы жігіттің мұндай қылмысқа баруына қарызға батып кетуі себеп болған. Жұмыссыз жігіт 1 миллион теңгеге түрлі тауар сатып алып, қарызын қайтара алмаған. Айыпталушы қарыздарынан құтылу үшін әкесінің бір қора қойын сатпақ болады. Ал әкесі оның бұл ойына қарсы шығатынын білген жігіт әкесін өлтірмек болған. Соттың мәліметінше, 19 жастағы жігіт достарымен келісіп алған. Сондықтан бұл іс бойынша төрт айыпталушы бар, оның біреуі кәмелетке толмаған.
"Айыпталушының әкесі өте қатал адам болған. Сондықтан ұлы әкесінен қарызға ақша ала алмаған және несиесі туралы айта алмаған. Сондықтан айыпталушы қылмыс жасамақ болған. Ол алдын ала достарымен келісіп алған. Достары әкесін бір қой ауырып қалғанын сылтауратып, қораға алып келеді. Қораның есігін аша бергенде олар жәбірленушіні бірнеше рет пышақтаған. Жәбірленуші өміріне қауіп төнгенін түсініп, қолына күректі алып, қорғана бастаған. Салдарынан жәбірленуші ауыр жарақаттар алған", - дейді Түркістан қаласы сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.
19 жастағы жігіт достарына бұл жұмысты бітіргеннен кейін қойды бөліп беретінін айтқан. Сотта айыпталушылар кінәсін ішінара мойындаған және бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот үкімімен айыпталушылар жоғарыда аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жәбірленушінің ұлы мен екі досына 11 жыл және 3 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, тағы бір айыпталушы кәмелетке толмауына байланысты қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемелерінде жазасын өтеу тағайындалып, 5 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина