Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бала өліміне қатысты іс қаралып жатыр. Айыпталушы - баланың туған әкесі, - деп хабарлайды Elitar.kz.
Тергеу мәліметтері бойынша, Түркістан облысы Сайрам ауданының 48 жастағы тұрғыны биыл 4 наурызда кенжесін өз қолымен өлтірген. Оқиға болған күні әкесі кішкентай ұлын үй маңынан отын жинауға әкеткен.
"Ол айналада ешкім жоғын пайдаланып, ұлын бір рет балтамен ұрған. Содан кейін оны отын маңына апарып, темір балтаның өткір жағымен мойын тұсынан бірнеше рет ұрып өлтірген", - деді Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі өкілі.
Басылым мәліметінше, полицияға оқиға туралы орталық аудандық аурухананың дәрігерлері хабарлаған.
"Ақпаратты алғаннан кейін бірден оқиға орнына Сайрам АІЖ жедел-тергеу тобы шықты. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. 6 жасар баланың әкесі күдікті деп танылып, 8 наурызда қамауға алынды", - деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.
Ер адамды мұндай әрекетке не итермелегені белгісіз. Ал баланың анасы күйеуін жазаламауды сұрайды.
"Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Оның әйелі күйеуін жауапқа тартпауды өтінді, өйткені олардың тағы төрт баласы бар", - деді облыстық соттың баспасөз қызметі өкілі.