Әйгілі "Елім-ай" дастанының 300 жылдығына орай Түркістан облысы Қаратаудың баурайына ескерткіш орнатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Қазақ халқы қанша қанқұйлы соғысты, жаугершілікті, қуғын-сүргінді басынан кешірді. Соның ішіндегі ең бір зұлматы - 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығы. Тұтқиылдан тиген жау қолы бейбіт жатқан қазақ халқын үдере көшіріп, тоз-тозын шығарды. Қынадай қырылып, босып кеткен қазақтың қасіретті тарихына "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" болып енген "Елім-ай" жырына биыл 300 жыл. Соған байланысты Қаратаудың басынан "Елім-айлап" көшкен қаралы көшті, елі үшін шейіт болған боздақтарды мәңгіге есте қалдыру мақсатында биік тұғыртас орнатылады.
"40 пайыз халқынан айырылған қазақтың өткен жері. "Елім-ай" жыры халықты ауызбірлікке шақыратын, отанын қорғауға үндейтін үлкен жыр, гимн деп айтуға болады. Талай ұрпақ өзінің отанына осы әнді айтып оралған. "Елім-ай" әнінің 300 жылдығын атап өтуге, мына ескерткіштің ашылуы - бұл ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлес деп есептеймін", - дейді ҚР "Ардагерлер ұйымы" ҚБ Төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев.
Халқымыздың шерлі тарихынан сыр шертетін туынды әскери қолбасшы, ұлы жырау Қожаберген Толыбайұлынан бізге зар заманның шындық шырағы болып жетті. Биіктігі 6, ені 1,5 метр болатын тұғыртасты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараев басқаратын "Жеті жарғы" және "Қожаберген жырау" халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры орнатқан.
"Бұл тұғыртас халқымыздың басынан өткен алапаттың куәсі есебінде, оның бетіне жазылған "Елім-ай" дастанының қасіретті, қайғылы кезеңнен хабар беретін осындай ұлы бабалардың өсиетін бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа үлгі-өнеге болсын, тарихымызды біліп өссін, келешегіміз кең өмір сүру үшін ұрпағымыз өз тарихын білуі керек. Міне бүгін сондай күннің бірі осы орындалып тұр", - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараев.
Игі шараға елімізге танымал ғалымдар мен тарихшылар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ақын Иран-Ғайып шерлі тарихты қозғап, тебірене өлең оқыды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!