Түркістан облысында екі баласын тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінген әйел ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іздестіру жұмысына облыстық полиция департаментінің барлық жеке құрамы, көршілес аймақ пен мегаполис бағытталды. Барлық қажетті жедел-тергеу іс-шарасы жүргізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктіні Шымкенттегі қонақүйлердің бірінде ұстады.
"Адам өлтіру дерегі бойынша барлық мән-жайды анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті әйел қамауға алынды. Істің тергеу барысы менің жеке бақылауымда", - деді Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов.
Еске салайық, 7 ақпанда Түркістандағы жалдамалы пәтерлердің бірінен екі кішкентай бала өлі табылғаны хабарланды.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себебін анықтау үшін балалардың денесі сараптамаға жіберілді.
Кейінірек балаларды өлтірді деген күдікті өз анасы деген деректер шықты. Ол Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы А.С.Пушкин атындағы N46 мектеп-лицейінің мектепке дейінгі мекемесінде тәрбиеші болып жұмыс істеген. Мұны Шиелі аудандық білім бөлімі растады.
"Балаларды өлтіретінін туыстарына хабарлаған": Түркістандағы жантүршігер жайт туралы тың дерек шықты
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!