- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында дүкен...
Түркістан облысында дүкен қирады: үйінді астында екі адам қалған
Түркістан облысы Леңгірде дүкен қирап, екі адам зардап шекті. Олардың бірі кәсіп иесі болса, екіншісі - 6 жасар немересі. Оқиға түскі уақытта болған. Ал газға жауапты мамандар бұл жайттың нақты себебі сараптамадан кейін ғана белгілі болатын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Мамандардың сөзінше, бұл нысанның астынан газ құбыры өткен. Алдын ала мәлімет бойынша, 1960 жылдары құрылысы жүрген құбырдан газ шығып, болған тарсыл салдарынан дүкен қирандыға айналды.
Ал нысан 2006 жылы салынған. Азық-түлік дүкенінің иесі құрылыс жүргізерде бұл жердің қауіпті аймақ екені жайында ескертілмегенін айтады. Тіпті барлық рұқсат қағазын да алған. Тек араға 3 жыл салып, мұнда өткен ғасырдың орта тұсында жүргізілген газ құбыры бары айтылған.
"Барлығы бізге рұқсат беріп тұр ғой. Ол кезде мұның астында газ жатқанын білмеген. Құжат бойынша барлығы, тіпті әкімге дейін рұқсатын беріп қойған. Дүкенді іске қосып қойған соң 3 жылдан кейін барып астында газ бары айтылды. Оған дейін ешкім білмеген. Қазір ешкім хабарласпады. Не істеу керек деп, біз өзіміз сұрап жатырмыз. Талап етіп жатырмыз. Бірақ бәрі білмейміз деп басын алып қашып жатыр. Ешкім бізге көмектеспеді", - деді дүкен иесінің қызы Бибіхан Өтелбаева.
Былтыр мамандар жер астындағы газ жолын сыртқа шығару жұмыстарын бастаған. Алайда жұмыс әлі толық аяқталмаған. Бибіхан Өтелбаева құрылыс ертерек біткенде мұндай жағдай болмайтын еді дейді.
"Осы уақытқа дейін, қимылдамады. 2023 жылдың аяғында бюджет қаржысын игеру үшін құбырды жүргізіп еді. 2024 жыл басталған бойда тоқтап қалды. Егер олар жұмысын тиянақты істеп, бәрін бітіргенде осындай жағдай болмас еді", - деді дүкен иесінің қызы Бибіхан Өтелбаева.
Оқиға салдарынан 1965 жылы туған кәсіп иесі мен немересі жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Қазір 6 жасар қыз амбулаториялық ем алып үйіне шығарылды. Дәрігерлердің сөзінше, 3 дәрежелі күйік алған қария қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек