- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында дәретханадан...
Түркістан облысында дәретханадан табылған 3 жасар қызға қатысты күтпеген жайт белгілі болды
Біраз уақыт бұрын Түркістан облысы Сарыағаш ауданында із-түзсіз жоғалған үш жасар бүлдіршіннің денесі көрші үйдің дәретханасынан табылған еді. Бұл оқиғаға қатысты тың дерек шықты. Бала өліміне адамның қатысы болуы мүмкін. Ақпаратты Massaget.kz тілшісіне Түркістан облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Биыл 16 мамырда Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында үш жастағы Асылым Лес жоғалды деген хабар тараған еді. Артынша полиция "ешқандай зорлық-зомбылық белгілері жоқ қыздың денесі дәретханадан табылды" деп хабарлады.
Дегенмен бұл оқиғаға қатысты тергеу әлі аяқталмаған. Түркістан облыстық Полиция департаменті мәліметінше, 3 жасар қыздың қайтыс болу дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
"Оның денесі мамырда Сарыағаш ауданында дәретханадан табылды. Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды", - деп жазылған Massaget.kz-ке жауапта.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық, биыл 19 мамырда үш жасар бүлдіршіннің жақындары оның денесін жер қойнына тапсырып, жаназасын оқыды.
"Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қыздың денесінен қандай да бір жарақаттар анықталмаған. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр", - деген еді сол кезде Сарыағаш АПБ тергеушісі Нұрғали Абсен.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова