Түркістан облысында медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
ҚМА мәліметінше, "Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы" МКК бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде оларды жасанды түрде бірнеше бөлікке бөліп, кейін көптеген келісімшарт жасау арқылы сатып алу схемасын ұйымдастырған.
"Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол өзінің, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындалған. Сонымен қатар, жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен келісімшарттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген", - деп жазылған хабарламада.
Ауруханадан осы компаниялардың есепшоттарына қаржы түскеннен кейін күдіктілер оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөліп алған.
Келген залал көлемі
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын - 115 млн теңге. Қылмыстық жолмен келген табысқа күдікті елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған, сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.
Күдіктілер туралы
Бұрынғы бас дәрігерге бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды, ал оның сыбайласы үйқамақта отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова