Түркістан облысында бір ауыл әлі күнге ошақ жағып отыр
Түркістан облысы Иқан ауылында тұрғындар әлі күнге ошақ жағып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Turkistan TV-ға сілтеме жасап.
Бұл ауыл екіге бөлінеді: бірі - Жаңа Иқан, екіншісі - Ескі Иқан. 2018 жылы 1 миллиард теңгеге газ құбыры жүргізілген, бірақ жұрт әлі күнге ошақ жағып күнелтіп отыр.
"Алғаш газ құбырлары жүргізіле бастағанда отын тасып, күл шығарудан құтылатын болдық қой" деп қатты қуандық, бірақ ол қуанышымыз көпке бармады. Көңіліміз су сепкендей басылды да қалды. Себебі газ сол бойы берілген жоқ және оның қашан келетіні де белгісіз", - дейді ауыл тұрғыны Жаһангир Сәйдәзімов.
Жалғызбасты әке үйде әйел заты болмаған соң күнде отты өзі жағудан жалығып кететінін де жасырмайды. Оның сөзінше, көмір де күн санап қымбаттап барады. Тонналап түсіруге шамасы келмей, қаптап жағып күнелтіп отыр.
Ал ауылға газ жүргізуге жауапты мамандар иқандық жұрттың бұл жағдайымен толық таныс екенін жасырмайды. Бірақ олар кемшіліктің бәрі мердігер компанияға тиесілі екенін айтып отыр. Ауылға құбыр төрт жыл бұрын тартылғанымен, маңызды құрылғы былтыр ғана қойылыпты. Мердігер "Баянды" құрылыс компаниясы әлі мәселені шеше алмай отыр.
"Құжат жағынан қарайтын болсақ, атқарушы техникалық құжаттың 23 пунктінің 17 пункті жетіспейді және техникалық жағынан қамтамасыз етілмеген. Сондықтан бұл ауылға газ жіберу жұмысы әзірге мүмкін емес", - дейді "ҚазТрансГаз" АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев.
Мерей Матай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz