Түркістан облысының тұрғыны 5 жасар баланы зорлағаны үшін 20 жылға қатаң режимге сотталды. Бұл туралы Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
35 жастағы сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі ("Кәмелетке толмағанға сексуалдық сипаттағы күш қолдану") бойынша айып тағылды. Сот тергеуінің мәліметінше, ол көшеде ойнап жүрген бес жастағы баланы "Үйге жүр, балаларыммен ойнайсың" деп үйіне кіргізіп алған. Бұдан соң бүлдіршінді етпетімен жерге жатқызып, екі қолымен жылыту құбырын ұстатқызып зорлаған.
"Оның қылмысы сот сараптамасының қорытындысымен, жәбірленуші мен куәлардың жауаптары арқылы дәлелденді. Сот үкім шығарарда оның бұрын сотталмағанын, қылмысына шын өкінгенін ескерді", - деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары, яғни қатаң режимдегі түрмеде өтейді. Сот үкімі күшіне енді.