- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында баланы...
Түркістан облысында баланы қағып кетті деген көлік иесі оқиғаға өзін кінәлі деп есептемей отыр
Түркістан облысы Түлкібас ауданында 13 жасар баланы "қағып кеткен" ер адам бұл оқиғаға өзін кінәлі санамайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Нұрлыбек Мүсіровтің айтуынша, велосипед мінген балалар жолдың өтуге рұқсат етілмеген тұсынан кенеттен шығып, көліктің оң жағынан келіп соғылған. "Бала қақты" деген көліктің иесі 20 мамыр күні оқиға болған сәтте жедел жәрдем мен полицияны өзі шақырғанын, медицина көлігіне балалардың өз аяғымен жүріп барғанын айтады.
"Басты жолда келе жатқанымда үш бала велосипедпен жарысып келе жатып, біреуі тоқтады, екеуі келіп, менің оң жақ қанатыма келіп соғысты. Мен басты жолда келе жатырмын, олар қосымша жолдан келіп қосылды, тоқтай алмады. Біреуі велосипеді қалды, ары қарай ұшып кетті. Екінші бала велосипедпен үстіне құлады. Қарсы бағыттағы көліктегілердің бәрі көрді. Мен тежегішті басып, қарсы бағыттағы жолдың шетіне барып тоқтадым. Бала велосипедімен бірге құлады, құлаған кезде жолдың шетіндегі тасқа тиіп, басы жарылды", - дейді Сайрам ауданының тұрғыны Нұрлыбек Мүсіров.
Нұрлыбек Мүсіровтің айтуынша, апат орын алған уақытта көлікте екі туысы болған. Ал апатқа ұшыраған автокөлік әлі айып тұрағында. Иесі сол күні полиция қызметкері "балаларды қағып кеткенің үшін" деп 148 мың айыппұл салғанын айтады. Ол өзінің хаттамамен келіспейтінін айтып, прокуратураға арыз жазыпты. Ал дәрігерлер баланың 9 күн көлемінде бауыр жарақаты, оң жақ қабырғаларының сынуы, бас ми шайқалуы диагнозымен стационарлық ем алғанын айтады.
"29 мамыр күні науқас қанағаттанарлық жағдайда Түлкібас аудандық орталық ауруханасынан үйіне шығарылды. 25 маусым Түлкібас аудандық ауруханасының травматолог дәрігері науқасқа қайта қарап, рентген түсірілді. Рентгенде науқаста асқыну жоқ, ұсыныстар берілді", - дейді Түлкібас аудандық орталық ауруханасының басшы орынбасары Жансұлу Ақылбаева.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан