Түркістан облысының Келес ауданындағы балабақшада тәрбиешінің балаға қол көтерген сәті видеоға түсіп қалған. Полиция қызметкерлері тергеу басталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркістан облысы Келес ауданындағы "Ақмаржан" балабақшасының тәрбиешісінің балаға қол көтергені бейнекамера арқылы анықталған.
"Қазір тәрбиеші жұмыстан босатылды. Баланың анасы Полиция бөліміне арыз түсіріп, бұл бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр",- деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері.
Полиция қызметкерлері бұл оқиғаға қатысты тергеу басталғанын айтты.
"Полиция қызметкерлері Түркістан облысы Келес ауданы тұрғынының 2 жасар ұлын тәрбиеші балабақшада ұрғаны туралы хабарламасы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бойынша тіркелді", - делінген хабарламада.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға туралы бейнежазба айғақты зат ретінде тәркіленді. Қазір тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Іс бойынша тергеу Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Тағы да оқи отырыңыздар: Телефон неге қызып кете береді?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!