- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында балабақша...
Түркістан облысында балабақша бүлдіршіндері жаппай уланып, ауруханаға түсті
Түркістан облысы Келес ауданындағы балабақша бүлдіршіндері жаппай уланып, ауруханаға түсті. 2-3 жас аралығындағы балалар бастары айналып, бірінен соң бірі құсып, дене қызуы көтерілген соң қызметкерлер жедел жәрдем шақырған. Ауруханаға жеткізілген балалардың он бесі алғашқы көмек көрсетілген соң, үйге қайтарылған. Ал 19 баланың үшеуі жансақтау бөліміне, 16 бүлдіршін жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
"Бүгіннен бастап науқастардың жағдайы қалыпты болуына байланысты үйлеріне шығара бастадық. Қазіргі таңда ауруханада жатқаны үш науқас жатыр, инфекцияда үш науқас жатыр. Қалған үш науастың жағдайы бірқалыпты. Емін алып жатыр", - деді Келес аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бекарыс Асқарбекұлы.
Қазір санитарлық эпидемология мамандары зертханалық тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша іс қозғады. Сараптама тағайындалды.
"Аталған факті бойынша полициямен "Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалды және барлық жағдайлар анықталуда. Тергеу нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданады", - деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Келес ауданындағы жеке балабақшада болған жаппай улану жағдайына қатысты аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы мәлімдеме жасады. Қазір сынамалар алынып, зерттеу жүргізіліп жатыр. Мамандар алдын ала болжам бойынша таңғы асқа берілген күріш ботқасынан күдіктеніп отыр.
"Сынамалар тағам өнімдерінен алынды, суларынан алынды. Науқастардан құсық және асқазан шайындылары, нысандардан сүртінділер алынды. Алдын ала зерделеу жұмыстарының нәтижесінде күріш ботқасынан болуы мүмкін деген күдік бар. Таңғы асқа күріш ботқасы берілген. Қазір күріш ботқасынан сынамалар алынып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Келес аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Нұрсұлтан Сапарғалиұлы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан