Түркістан облысында атышулы депутат Ерғали Аманбаев қылмыстық іс бойынша қамауға алынды

Түркістан облысында атышулы депутат Ерғали Аманбаев қылмыстық іс бойынша қамауға алынды
Фото: gov.kz

Түркістан облысында шетел азаматына қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалуы мүмкін деген арыздан кейін соталды тергеу басталды. Бұл оқиғаға қатысты Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың есімі аталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін бұл ақпарат желіде тараған болатын. Түркістан облысы Полиция департаменті күдікті анықталып, қамауға алынғанын хабарлады.

"Бұл дерек бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды. Қазір барлық мән-жайды анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", - деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.

Желіде жарияланған бейресми дерекке сүйенсек, полицияға Алматы қаласының тұрғыны жүгінген. Ол Байжансай ауылына төрт Қытай азаматымен бірге келгенін айтқан. Олар қорғасын-мырыш кенін өндіруге қызығушылық танытып, инвестиция салғысы келген.

Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, "қонақтарды депутат Ерғали Аманбаев күтіп алып, еріп жүрген. Кейін ол 34 жастағы әйелді адам жоқ жерге апарып, оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскені айтылған".

Айта кетейік, Ерғали Аманбаев - Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты. Мәслихат дерегіне сүйенсек, ол - "Қарабатыр" ЖШС директоры.

Бұған дейін Ерғали Аманбаев Шымкентте жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін полицияның назарына іліккен болатын. Ол бірнеше құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Сот Ерғали Аманбаевты төрт тәулікке қамауға алып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Кейін Amanat партиясының аудандық филиалы оған сөгіс жариялады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget