Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арықта ағып бара жатқан баланы құтқарған оқушыны қабылдап, марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Кішкентай баланы судан құтқарып алғаныңды ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден көріп, сүйсіндік. Аттың үстінде үлкен жігіт сияқты көріндің. Оқушы екенсің. Осы ерлігің үшін саған және өзіңдей патриот ұлды тәрбиелеген ата-анаңа алғысымды айтамын. Жарайсың!" – деді өңір әкімі.
Дархан Сатыбалды Нұркелді Нұрполатқа алғыс хат пен бағалы сыйлық тапсырды.
Еске салайық, Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Қ.Үкібаев атындағы №37 жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұркелді Нұрполат 4 наурызда сағат 11:30 шамасында каналда ағып бара жатқан кішкентай баланы байқаған.
Нұркелді ойланбастан атынан секіріп түсіп, баланы судан алып шыққан. Ол есінен танып қалған баланың аяқ-қолын қимылдатып, жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеткен. Бала 3,5 жаста екен. Ал баланы құтқарған оқушы Нұркелді Нұрполат 2008 жылғы 1 желтоқсанда Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылында туған.
Ол мектепте үлгілі тәртібімен, үздік оқуымен көзге түскен. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Футбол үйірмесіне қатысып, түрлі деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп жүр. Отбасындағы үш ұл, үш қыздың ішіндегі екінші перзенті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!