- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында әкімдік...
Түркістан облысында әкімдік қызметкерлері 24 млн теңгені жымқырған
Түркістан облысы Жетісай ауданы Атамекен ауылының әкімдігі мен жұмыспен қамту орталығында 24 млн теңгеден астам жымқыру схемасы тіркелді. Бұл фактіні Түркістан облысының прокуратурасы анықтаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері адамдарды қоғамдық, оның ішінде жастар практикасы шеңберінде тек құжат жүзінде жұмыстарға тартып отырған. Осылайша жұмыссыз мәртебесін алған 30-дан астам адам іс жүзінде қоғамдық жұмыстарды орындамаған және бұл туралы білмеген.
Лауазымды тұлғалар жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды заңсыз шығарған және ай сайынғы жалақыларын "Қазпошта" АҚ мен банктердегі шоттарына аударып, кейіннен басқа тұлғалармен қолма-қол ақшаға айналдырған.
Орталық пен әкімдік қызметкерлері өздерінің туыстары мен таныстарын құжат рәсімдеу арқылы қоғамдық жұмыстарға тартқан.
"Облыс прокуратурасы материалдарды ақпаратты есепке алу кітабында тіркеді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тапсырды", - делінген мәліметте.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы