Түркістан облысында әк шығаратын зауыт ашылды

Түркістан облысы Түлкібас ауданында өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі өндірістік жоба – әк шығаратын зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, зауыттың іске қосылуымен құттықтап, жаңа өндіріс орны өңір экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті.

"Алдымен баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке қарсаңында жаңа әк зауыты ашылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын ашу бағыттарына айрықша тоқталды. Ел экономикасының негізгі басымдығы шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз өндіріс орындарын ашуға, терең өңдеу саласына басымдық бердік", - дейді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. 

Түркістан облысының әкімінің айтуынша, сол жұмыстар нәтижесінде облыс халықаралық талапқа сай заманауи зауытпен толығып отыр.

"Осыдан бірнеше ай бұрын сіздермен ірі кешеннің құрылысының басталуына куә болып едік. Міне, аз ғана уақыт ішінде зауыт құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, әк шығару зауыты өндірісін бастағалы отыр. Бұл Түркістан облысы ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды оқиға. Жалпы құны 180 миллиард теңге болатын жоба арқылы ауданның ғана емес, облыстың өндіріс көлемі артады. Жалпы, мыңға жуық жұмыс орны ашылса, бүгінгі әк зауытының өзінде жүзге жуық жерлесіміз жұмысқа орналасуда. Осы ретте маңызды жобаны жүзеге асырған инвесторға, жауапты азаматтарға алғысымды білдіремін! Зауыт ұжымына сәттілік, денсаулық және берекелі табыс тілеймін! Жаңа зауыттар ашылып, облысымыз дами берсін!" – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жоба басшысы Жу Сианг Го мен "Саутс-Ойл" компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов та құттықтау сөз сөйлеп, бұл өндіріс орны елімізді отандық өніммен толық қамтитынын жеткізді. 

Жалпы құны 180 миллиард теңге болатын жобаның құрылысы 2026-2027 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Биыл 32 миллиард теңге инвестициялық қаржыға әк өндірістік кешені іске қосылды.  

Компанияның негізгі мақсаты – әк, каустикалық сода, кальций карбиді, ПВХ және цемент өндірісін жолға қою. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 миллион тонна цемент өндірмек. 

Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де оң ықпал етеді. Жоба аясында жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның ішінде биыл 100 жаңа жұмыс орны ашылды. 

Салтанатты рәсімде облыс әкімі зауыт аумағын аралап, өндірістік үдерістермен, заманауи технологиялармен және еңбек жағдайымен танысты. Өндірістің экологиялық талаптарға сай жүргізілуі мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.  

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал