Түркістан облысында 8 жастағы бала төрт күннен бері табылмай жатыр

Түркістан облысында сегіз жастағы Жаннұр Тұрсынбек төрт күннен бері табылмай жатыр. Ол 23 наурызда Абай ауылында жоғалып кеткен. Бала суға құлап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Оқиға кешкі сағат бестер шамасында болған. Екінші сынып оқушысы басқа балалармен ойнап жүрген. Бір кезде аяғындағы аяқ киімі арыққа түсіп кетіп, соны аламын деп жүгірген. Сол сәтте тайып кетіп, суға құлаған да, шыға алмай қалған. Ағыс оны әрі қарай өзенге алып кеткен. Қасында болған балалар мұның бәрін көрген.

Содан бері іздеу тоқтаған жоқ. Жағада құтқарушылар мен полиция жұмыс істеп жатыр, жергілікті тұрғындар да көмек қолын созып жатыр. Алайда әзірге нәтиже жоқ.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді. Олардың сөзінше, арық тым аласа және мүлде қоршалмаған. Балалар оған емін-еркін түседі.

"Бұл жерде балалар ойнайды. Ешқандай қоршау да, ескерту белгісі де жоқ. Егер мұнда қоршау болғанда, бәлкім, інім бір жерден ұстап қалып, аман қалар ма еді. Құтқарушылар өзіміз-ақ табамыз дейді, Шымкент ТЖМ-нен көмек сұрағылары келмейді. Өте салғырт іздеп жатыр, "үш күннен кейін мәйіт өзі-ақ су бетіне шығады" деп айтып отыр", – дейді баланың әпкесі Әсел Бердібай.

ТЖД пікірі

Төтенше жағдайлар департаменті іздеу жұмыстары белсенді жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Іздеуге құтқарушылар, полиция қызметкерлері және жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Барлығы 120 адам, 15 техника, екі қайық және екі ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды. Азаматтардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз", – деді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Асхат Ержанов.

Жаннұрдың ата-анасы таңнан кешке дейін арықтың басында жүр, бала жоғалған жерден кетпей отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!