- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында 60...
Түркістан облысында 60 шақты оқушы төбелесіп, біреуі ауыр жарақат алды
Түркістан облысында екі мектептің оқушылары төбелесіп, бір бала ауыр жараланды. Бас сүйегі сынған 9-сынып оқушысы қазір ауруханада жатыр. 60 шақты бала қатысқан төбелес Құсшы ата ауылында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Төбелестің нақты неден шыққаны әзірше белгісіз, бірақ тұрғындар жолдың екі бетінде тұратын жастардың бір-бірімен жиі шекісіп қалатынын айтады. Бұл жолы да әлеуметтік желіде бір-біріне балағат айтқан жастар қолына таяқ, тас ұстап көше бойында төбелескен. Әзірге бір оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.
"Қақпаның астына келсем, тасты қардай боратты. Ол жақ мына жаққа, мына жақ ана жаққа, екеуі екі жақтан ұрып жатыр. Шиферлерге тиіп жатыр. Одан айғайлап, шыңғырдым. Мені ешкім елемеді, балалар да. Алдындағы қыста да болған. Ол кезде бетперде киіп алып төбелес болды. Тап осы жерде болды. Қазір төртінші рет болуы", - дейді куәгер Нұриддин Матқасымов.
Бұл жолғы төбелесте 9-сыныптың оқушысы ауыр соққы алып, бас сүйегі сынған. Оны қансыраған күйі достары үйіне жеткізіпті. Асылжанға дәрігерлер жедел ота жасады.
"Баланың басы, оң жақ төбе бөлігі, ауыр соққыдан сүйегі шытынап мидың ішіне кірген, бірнеше бөлшекке бөлініп. Бұл жерде миға зақымданған сүйектер, қанталаған жері бөлшектенген сүйектері алынып, мидың қан тамырлары зақымданған", - дейді Кентау ауруханасының бөлім меңгерушісі Асқар Жұмбеков.
Ал мектеп директоры төбелестің түнде болғанын айтып, бұған жауап бермейміз деген.
"Кикілжіңге не себеп болғаны, телефонда бір-бірімен сөзге кеп қалған-ау деймін. Балағаттаған бір-бірін, телефонда сөзге кеп қалған. Сонымен кездесіп, сөйлесеміз деген, сол жерде түнгі сағат 11-ден кейін бір-бірімен ұрысып қалған. Тәртібі жақсы балдар", - дейді Қазыбеков атындағы мектеп директоры Нұржан Қадыров.
Қазір полицейлер жағдайды тергеп жатыр. Тіпті Қазыбеков мектебінің 10-сынып оқушысына қатысты "Бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғалған.
"20 шақты бала жеткізілді. Сұрастыру барысында оқиғаның мән-жайы анықталып, ұсталған бала қылмысын мойындап, тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бір бала ғана. Басын таспен ұрған. 2007 жылы туған бала", - дейді Кентау полиция бөлімінің бастығы Ерлан Қыдырбаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан