Түркістан облысында полиция жыл басынан бері заңсыз айналымнан 3,5 мың доза синтетикалық есірткі тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркістан облысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері осы жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 629 деректі анықтады. Оның 259-ы – қылмыс, 370-і – теріс қылық. Ал есірткі сату бойынша 35, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз егу бойынша 67, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 10 жайт тіркелді. Жедел шаралардың нәтижесінде бір есірткі зертханасының жұмысына тосқауыл қойылды.
Мәселен, "Батыс Қытай–Батыс Еуропа" тасжолы бойында Ford автокөлігі тоқтатылып, Шымкент қаласының тұрғынынан 79 келі кептірілген марихуана тәркіленіп, күдікті қамауға алынды. Сайрам ауданы көшелерінің бірінде Скутер тізгіндеген жас жігіт күдікке ілініп, оны тексеру барысында 368 доза мефедрон, 50 доза жылдамдық деп аталатын синтетикалық есірткі заты және 1 грамнан асатын героин тәркіленді. Шымкенттік тұрғын қамауға алынды.
Түркістан қаласы Самара–Шымкент тасжолы бойындағы жанармай құю бекетінде көлік тоқтатылып, Шымкент қаласының тұрғынынан 300 грамм мефедрон синтетикалық есірткі заты тәркіленді.
Тексеру барысында күдікті Шымкент қаласында пәтер жалдап, синтетикалық есірткі затын қайнатып, дайындап, телеграмм желісі арқылы жасырын қойып сатумен айналысқандығы анықталды. Ал Түлкібас ауданы тұрғынының ауласынан 1375 түп марихуана есірткісі тәркіленді.
Заңмен тыйым салынған өсімдікті күтіп-баптап еккен тұрғынға заңға сәйкес тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жалпы заңсыз айналымнан 3,5 мың дозаға жуық синтетикалық есірткі заты тәркіленді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз