Түркістан облысында 300-ден аса қой бір күнде қырылып қалған
Түркістан облысының тұрғыны күмәнді дәрі-дәрмектің кесірінен малынан айырылдым деп есептейді. Самат Қадыровтың айтуынша, алғашында қойлар ауыра бастаған. Ферма иесі ветеринарлық дәріхананың сатушысымен кеңесіп, дәрі-дәрмек сатып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
"Фармацевт ұнтақ арзанға шығатынын айтты. Ол дәріні тек 10 литр суға сұйылтып, жануарларға 5-10 грамм беруім керек деді. Мен дәл солай жасадым. Ал кешкі сағат 22:00-ден кейін 320 қой бірінен соң бірі қырылды", – дейді ферма иесі.
Самат полицияға да, мал дәрігерлеріне де жүгінді. Алайда олардың ешқайсысы көмекке асықпаған.
"Барлығы қой қос дозадан өлді деді. Өлекселерді сараптамаға апаратынын айтты. Бірақ бізде жануарлардың дәл осы препараттың кесірінен өлгені туралы ешқандай дәлел мен сараптама әлі жоқ", - дейді ферма иесі.
Ветеринариялық дәріхана оқиғаға қатысты пікір білдірмеді. Ал мал өлексесін зертханада тексерген мамандардың айтуынша, ферма иесі алдымен мал дәрігеріне хабарласып, содан кейін ғана дәрі-дәрмек сатып алуы керек еді.
"Ферма иесі бұл дәрі-дәрмекті тәуелсіз зертханаға зерттеуге өз қаражатына жібере алады. Біз өз тарапымыздан сараптамаға жібердік. Нәтижесі 9 күннен кейін болады", – дейді Түркістан облысы ветеринария қызметі басшысының орынбасары Әлмет Оразбеков.
Самат Қадыров өз құқығын сот арқылы қорғамақшы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек