Оңтүстікте 30-ға жуық ауыл ішімдіктен бас тартқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ордабасы мен Мақтаарал ауданында 5 ауыл, Келесте 4 ауыл, Сайрамда 3 ауыл, Қазығұрт, Төле би, Сауранда 2 ауыл, Отырар, Жетісай, Арыста бір ауыл ішімдік сатудан бас тартқан.
Мәселен, Сауран ауданының Нұртас елді мекенінде 1835 адам тұрады. Ауылда бір мектеп, екі балабақша бар. Тұрғындарға үш дүкен қызмет етеді.
"Ауыл тұрғындары құрт пен майын дайындап, мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті тіршілік еткен ауылдың қаймағы бұзылмаған. Ақсақалдар жастарға үлгі-өнегесін көрсетсе, жастар алған тәлім-тәрбиесін ұштастырып, ауылды көркейту бағытында жұмыс жасап келеді. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" дегенді ұстанған мұндағы халық ағаш егу, сенбілікке шығу сынды істерді жасы да, кәрісі де бірлесіп атқаруды дәстүрге айналдырған", - деп жазылған ІІМ хабарламасында.
Ал учаскелік полиция инспекторлары ауылдағы әрбір үйдің жағдайымен қанығып, күнделікті жұмыс жүргізіп отырады. Соның нәтижесінде 30-ға жуық ауылда кейінгі бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген.
Еске салайық, бұған дейін де Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартқаны хабарланды. Бұл ауыл Жетісу облысында орналасқан.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова