Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыздарды зорлады деген күдікпен 33 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы өңірдің Полиция департаменті бастығы Мұрат Қабденов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұрат Қабденовтың сөзінше, ауылдың екі тұрғынынан арыз түскен.
"Әлеуметтік желіде жарияланып жатқан хабарламалар бойынша нақты мынадай ресми ақпаратты хабарлаймын: Түркістан облысының полицейлері 33 жастағы ауыл тұрғыны тарапынан кәмелетке толмаған қыздарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасау дерегі бойынша екі жергілікті тұрғынның арызына сәйкес соталды тергеу жүрігізіп жатыр", - деп жазды ПД өкілі.
Ер адам кінәсін мойындаған.
"Менің тапсырмам бойынша арнайы жедел тергеу тобы құрылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі "зорлау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін қажет іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қылмыс жасады деген күдікпен Отырар ауданының тұрғынын бірден ұстап, қамауға алдық. Ер адам өз кінәсін мойындады", - деді Мұрат Қабденов.
Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, 7 бала зорланғаны туралы ақпарат расталмаған. Алайда қазір бұл іс бойынша үш жәбірленуші бар.
Бұл дерекке қатысты тергеу жалғасып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!