Түркістан облысының Келес аудандық сотында дамуында ауытқуы бар 24 жастағы жігіттің зорлануына қатысты іс соңына таяды. Айыпталушылар бүгін сотта соңғы сөзін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға қалай болған?
Бұл оқиға туралы 2025 жылғы наурызда "НеМолчи.kz" қорының жазбасынан белгілі болды. Ұйымның деректеріне сүйенсек, даму деңгейі 4 жастағы баланың деңгейіне сәйкес 24 жастағы жігіт жылдар бойы туысқандары мен көршілерінің зорлық-зомбылығына ұшыраған.
Жәбірленушінің анасы қылмысқа алты адамның, соның ішінде кәмелетке толмағандардың да қатысы бар екенін айтқан. Алайда айыпталушылар орындығында жігіттің кәмелетке толған үш туысқаны ғана отыр.
Айыпталушылар сотта не айтты?
Жәбірленушінің адвокаты Гүлайхан Тұрcыманованың сөзінше, бүгін айыпталушылар соңғы сөзін айтқан, бірақ олар кінәсін мойындамаған.
"Үшеуі де зорлау дерегін жоққа шығарды, бірақ олардың бірі ұрлық эпизоды бойынша кінәсін мойындады. Жәбірленуші алғашқы күннен бастап бірдей әрі дәйекті жауап беріп келеді. ...Зорлық бір-екі ай емес, ұзақ уақыт бойы жалғасқан", - деді адвокат.
Оның сөзінше, прокурор айыпталушыларға тым жеңіл жаза сұраған.
"Менің ойымша, 9 жыл аз. Біз әрқайсына 12 жылдан сұрадық", - деді адвокат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова