Түркістан облысы Созақ ауданында 16 отбасы тарақан басқан үйде тұрып келеді. Шолаққорған ауылындағы апатты жағдайда тұрған екіқабатты үй осыдан 40 жыл бұрын салынған. Бұл баспананы тәуелсіз сарапшылар апатты деп таныған. Сондықтан да үреймен күн кешкендер жаңа баспана сұрап аудан әкімдігіне барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы екіқабатты үй тұрғындары бірнеше жылдан бері қорқынышпен өмір сүріп келеді. 40 жылдан бері әбден тозығы жеткен үйде газ бен су түгіл, тіпті әжетхана жоқ. Тұрғындар дәретхана іздеп далаға сабылады. Алайда бұл үйдің тұрғындары қазір коммуналдық жағдайға емес, жыл өткен сайын қисайып бара жатқан үйдің жайына алаңдайды.
"Терезені ашсақ, толық ашылмайды. Бұрын толық ашылатын. Бүйтіп кіріп кеткен уже дуалға қарай. Мына жерде тарақандар жүреді, мынаның іші толған тарақан. Қимылдатсаң тарақан шығады" - дейді тұрғындар.
Бұл үй, жауын жауса, жертөлесін су басатын, бүгінде көгерген қабырғалары бүрге, қандала сияқты жәндіктердің ордасына айналған. Балкондары қабырғадан ажырайтын жағдайға жеткен соң тұрғындар тәуелсіз сараптама жасатуға шешім қабылдапты. Мамандар қосқабатты баспананы апатты деп танып, қолдарына тұруға болмайды деген қорытынды берген. Алайда, оны шенеуніктерге көрсеткенімен, жергілікті билік мәселені шешуге асығар емес дейді тұрғындар.
"Шифер, подвал біздің меншігімізге қарайды дейді. Мемлекетке қарайды бөлек дейді ол. Оны тағы да апатты деп біз жақтан шығаруымыз керек дейді. Ол әлі келген жоқ, әкімге осымен екі рет бардық, екі рет те қайттық кіргізбеді. Кірмейсің деп. Құлап қала ма деп қорқамыз. Ұйқымыз тыныш емес, бөлінеді, алаңдаймыз", - дейді Созақ ауданының тұрғыны Қияқыз Әбдіманапова.
Аудан басшысын кезекті рет іздеп барған тұрғындарды әкім орынбасары қабылдап, тәуелсіз сараптама қорытындысына сенбейтіндерін жеткізді. Сол себепті де, баспананың жарамдылығын анықтайтын компаниялар арасында арнайы байқау жариялапты. Ал оның нәтижесі бірнеше күнде белгілі болатын көрінеді.
"Жаңағы мекемелер мемлекеттік сатып алудан жеңіп алып, үйдің жағдайын анықтағаннан кейін біз оны бюджетке қоямыз метр квадратына байланысты. Мысалы, 100 миллион керек болуы мүмкін, 50 миллион керек болуы мүмкін. Соны бюджетке ұсынамыз", - дейді Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов.
Әкімдік апатты жағдайда тұрған ескі үй тұрғындарының мәселесі шешілетінін айтты. Егер берген уәде орындалмаса, үй тұрғындары облыс әкіміне барамыз деп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!