Түркістан облысында 10 жастағы бала көшедегі дәретхана шұңқырына құлап кеткен інісін аман алып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті оқушыға ерлігі үшін алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.
Оқушының аты-жөні - Нұрәлі Өскенбай, ол Түркістан облысы Қазығұрт ауданында тұрады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оның інісі үйдің ауласында ойнап жүріп, көшедегі әжетхананың шұңқырына құлап кеткен. Бір жасар сәбидің анасы Айзада Сарман үлкен ұлын көмекке шақырған. Ол үлкен ұлының беліне арқан байлап, ұлын дәретхананың шұңқырына түсіре бастағын. Нұрәлі інісін көтеріп шығарды.
"Баланың ерлігі елеусіз қалмады, үлгі аларлық ісі үшін 4-сынып оқушысы Нұрәлі Өскенбай төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешевтің алғыс хатымен және сыйлықтарымен марапатталды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сол кезде түсірілген видеода Нұрәлінің анасы үлкен ұлына інісін аман алып қалғаны үшін алғыс айтып жатқанын көруге болады.
"Батырсың сен, "Қорықпа" деп айттым ғой саған. Жаным сол, алтыным сол, бауырыңды құтқардың" деп жатыр анасы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!