Түркістан облысында 10 айда 1,2 триллион теңге инвестиция тартылып, жаңа зауыттар ашылды

Түркістан облысында 10 айда 1,2 триллион теңге инвестиция тартылып, жаңа зауыттар ашылды
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.

"Жалпы облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл – сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвестор үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған", – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.  

Инвестициялық әлеует зерделеніп, облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, жалпы құны 2,6 триллион теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы әзірленген. Энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу негізгі басымдықтар болып айқындалды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңдай жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 миллиард теңге салық түседі.  

Биыл 340 миллиардтеңгеге 58 жобаны іске асырып, 8 220 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 10 айда 41 жоба (180 миллиард теңге) іске қосылып, 5 322 жұмыс орны ашылды.  

Аталған бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өңір экономикасына 1,2 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2 пайызды құрады. Шетелдік инвесторлармен келіссөздер тұрақты түрде жүргізіліп, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.  

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget