Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды

Нұралхан Көшеров Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұралхан Оралбайұлы Көшеров Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.

Жаңа әкім туралы не белгілі?

 Нұралхан  Оралбайұлы Көшеров 1984 жылы 20 желтоқсанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Білімі - жоғары.

2005 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан Мемлекеттік университетін; 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін; 2019 жылы - Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясы жоғары білім беретін мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесін тәмамдаған. Мамандығы - экономист; қаржы және несие; құқықтану салалары.

2023 жылдан бастап Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Бұған дейін облыс әкімі кім болды?

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының әкімі қызметін Дархан Сатыбалды атқарды. Ол бұл қызметті 2022 жылғы 31 тамыздан бастап бүгінге дейін атқарды. 2025 жылғы 6 қаңтарда Дархан Сатыбалды Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!