Түркістан облысы тұрғынының аялдамаға уақытша қалдырған баласы жоғалып кеткен

Шымкент тұрғыны полицияға арызданып, аялдамаға уақытша қалдыра тұрған 13 жастағы ұлының жоғалып кеткенін айтты. Бұл хабарлама бойынша Созақ ауданының полициясы бірден әрекет етіп, баланы іздеуге жұмылдырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары шағымданушы әкесі мен ұлының оқиғасын анықтап алып, олардың жүрген жолы бойынша тексеруді бастады. Дәмханалар мен ойын-сауық орталықтарын да назардан тыс қалдырмай, қарап шықты. Осылайша, жоспарлы жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде кәмелет жасына толмаған бала трассаның бойынан табылды.
 
Полицейлердің анықтауынша, әкесі мен ұлы Шымкент қаласынан Созақ ауданына көлікпен қыдырып келе жатқан кезде жасөспірім баласы өзін жайсыз сезінеді. Денсаулығы сыр берген ұлына дәрі-дәрмек қажет екенін түсінген әкесі ұлын аялдамаға қалдырып, өзі дәріханаға беттейді. Алайда дәріні дер кезінде жеткізгенімен баласын аялдамадан таппай қалады.
 
Полиция баланы отбасына аман-есен табыстады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!