Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті арықта ағып бара жатқан баланы құтқарып қалған оқушы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл бала Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округі Кеңесшіл елді мекені Қ.Үкібаев атындағы №37 жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 8-сынып оқушысы Нұргелді Нұрполат болып шықты.
"2023 жылғы 4 наурызда сағат 11:30 шамасында каналда ағып бара жатқан кішкентай баланы байқаған. Нұргелді ойланбастан мініс атынан секіріп түсіп, баланы судан алып шығады. Ес-түссіз қалған баланың аяқ-қолын қимылдатып, жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеткен", - деп хабарлады ведомство.
Ал кішкентай бала 3,5 жарым жаста екен.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде арыққа құлаған балаға ересектердің алғашқы медициналық көмек беріп жатқан видеосы тарады. Оны атпен өтіп бара жатқан жасөспірім құтқарып қалған. Ол баланы арықтан шығарып, кейін ересектерді көмекке шақырған.
Желі қолданушылары осы видеоға "Кішкентай денеңнен, үлкен ержүрегіңнен айналдым, батырым", "Нағыз қазақтын батыры, телефон ұстап, видеоға түсірмеген", "Біздің қоғамда әлі де бейжай қалмайтын адамдардың барына рақмет!" деп пікір жазған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!