Түркістан облысы тергеу соты төрағасының экс-әйелі өз үйіндегі өрттен ажал құшты

Шымкентте 52 жастағы әйел өз үйінде шыққан өрт кезінде қаза тапты. Оқиға екі қабатты үйде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Жалын әуелі үйдің бірінші қабатын шарпыған. Дәл сол жерде Түркістан облысының тергеу соты төрағасының бұрынғы әйелі, 52 жастағы әйел болған. Марқұмның отбасы қайғылы оқиғаның себебі оларға жұмбақ күйінде қалып отырғанын айтты.

"Оқиға болған күні полиция бізді ішке кіргізбеді. Ал олар айтып отырған канистрді көрмедік. Олар 2021 жылы ажырасқан, 4 жыл бірге тұрмаған", - дейді марқұмның туысы Жәнібек.

Өртті алдымен көршілер байқап, өртсөндірушілер мен дәрігерлерді шақырған. Олар үйдің екінші қабатында жүргендер секірген кезде "бір жерін сындырып алмасын" деп, көрпе мен басқа да жұмсақ заттарды әкеле бастаған.

Ер адам, оның әйелі және 11 айлық баласы ауруханада жатыр. Әйел қатты уланып қалған, ер адам секіргеннен соң омыртқасын жарақаттаған, нәрестенің миы шайқалған.

"24 жастағы жігіттің омыртқасы жарақаттанған. Ол бірінші клиникалық ауруханада жатыр. Оған ота жасалды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты", - деді Шымкент денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Ал бала қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді, миы шайқалып, уланып қалған, қазір емделіп жатыр. Өрттің неден шыққаны жұмбақ болып отыр. Шымкент полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлады. Алайда бұл істің қай баппен тіркелгені әзірше белгісіз.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз