Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлкен үлес қосып жатқан өңірдің бірі Түркістан облысы. Қуантарлық жаңалық, облыстағы егістік жердің аумағы биыл 807,4 мың гектарға дейін жетті. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішінен 9 мың гектарға артық. Бұл ақпаратты Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов жеткізді. Оның айтуынша, облыс бұндай нәтижеге Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқасында жеткен. Биыл жаз мезгілінде қуаңшылық болғанына қарамастан, дихандардың талмай еңбектенгендерінің арқасында масақты дәнді-дақылдардың әр гектарынан 17,8 центнерден 405 мың тонна өнім жиналды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту жөнінде нақты міндеттер қойып отыр. Осы ретте аталған саладағы өнім көлемін арттыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселен, биыл масақты дәнді дақылдар егіс көлемі 23 мың гектарға артып 227 мыңға, дәндік жүгері 7 мың гектарға артып 44,3 мыңға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 7,5 мың гектарға артып 114 мың гектарға жетіп отыр, деді Нұрбек Бадырақов. Бүгінде күріштен басқа дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары толығымен тоқтатылды. Күріш егілген алқаптардың жартысынан астамы орылып, ақмаржан күрішінің тоннасы 12 мыңға жетті. Мақта жинау науқаны да сәтті жүріп жатыр. Жоспар бойынша 332 мың тонна шитті мақта жинау межеленсе, бүгінде соның 195,5 мың тоннасы жиналыпты. Ал көкеніс, бақша дақылдарынан 2,8 миллион өнім жиналды. Бұл рекордтық көрсеткіш. Жиналған 2,8 миллион тоннаның 500 тоннаға жуығы Германия, Ресей, Латвия, Белорусь Республикасына экспортталмақ. Ал 1 миллион тонна өнім еліміздің солтүстіктегі облыстарына жөнелтілмек. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан 1 литрі 158 теңгеден 40,2 мың тонна жанар-жағар май бөлінген. Бүгінге дейін оның 28,7 мың тоннасы нарықтағы бағадан 27 теңгеге арзандатылып агроқұрылымдарға босатылған. Одан бөлек, 50 пайыз жеңілдікпен агроқұрылымдарға 80 мың тонна минералды тыңайтқыштар бөлініп, оның 75 мың тоннасы шаруаларға үлестірілген.