- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысы имамдарының...
Түркістан облысы имамдарының біліктілігін арттыру семинары өтті
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Қазақстан-2050" стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты жолдауында түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі мен татулығына баса мән берген еді. Бұл тақырыпта сөз қозғау, қоғамға ой тастау, түрлі алдын алу шараларын өткізу - әлі күнге дейін маңызды.
- Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр.
Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.
Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты.
Бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.
Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр.
Бұл – біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл – біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі, - деген болатын Елбасы.
Осы бағытты ұстана отырып, 7-8 қазан күндері Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Түркістан облысының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Түркістан облысы, Кентау қаласы "Жастар ресурстық" орталығында аудан, қала, ауыл мешіттерінің бас имам-молдаларының қатысуымен 2 күндік семинар болып өтті. ҚМДБ Түркістан облысы өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, семинардың мақсаты діни теріс ағымдардың алдын-алу, оларды сауықтыру шаралары, олармен күресу түрлері бойынша имам-молдалардың біліктігін көтеруге арналды.
Семинарды "Нұр-Мүбарак Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті" университетінің жанындағы экстремизмнің алдын-алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, теолог Сабдин Асқар Кәлімжанұлы, ғалым, исламтанушы Арман Қуанышбаев, Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазанов, Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары Мұсабек Ақтамберді ұстаздар дәрістер оқыды. Қонақтар кешке шам намазынан соң "Балаби қари" мешітінде Арман Қуанышбаев ұстаздың уағызын тыңдады.
Түркістан облысына қарасты аудан, қала мешіттерінің бас имамдары мен ауылдық мешіт имам-молдаларын қамтыды. Семинар жалпы – 100-ге жуық діни мамандарды қамтыды.
Айта кетейік, өткен жұмада Кентауда қарилар даярлайтын "Балаби қари" медресесі ашылған болатын. Жаңа қарилық орталықтың ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Түркістан облысы бойынша өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының Құрметті азаматы, ақын, ақсақал Рахым Балабиев, Кентау қаласының әкімі Мақұлбаев Әбдібақыт Тілләбайұлы, мәслихат депутаттары, қаланың ақсақалдары, медресе директорлары, имам-молдалар, т.б. азаматтар қатысты.
Медресе 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгімен салынған, өте ыңғайлы, барлық керек-жарағымен жабдықталған. Жалпы 80 балаға арналған.
О. Сансызбай