- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысы Елшібек...
Түркістан облысы Елшібек батыр ауылында бірде-бір мектеп жоқ
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Елшібек батыр ауылында бірде-бір мектеп жоқ. Ал оқушылар мақташыларға арналған жатақханада оқып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
55 жыл бұрын мақташылардың жатақханасындағы 7 бөлмеде 208 оқушы білім алып жатыр. Мұнда оқу сыныптары жетпейді.
"Күн қатты аязда болған кездерде ішінің бәрі көгеріп, иістеніп бұл жерде адамның тыныс алуына өте қолайсыз жағдайлар туындайды біздің мектепте. Көгерген соң жыл сайын мұғалімдер жөндеу жұмыстарын өзіміз қолдан жасаймыз. Әр әктегенде 3-4 рет әктемесек болмайды, ағарту үшін 3-4 рет әктейміз", - дейді дене шынықтыру мұғалімі Әбдіуақап Дінислам.
Ауылда оқушылар саны көбейген соң жанында тұрған бір қабатты үй де оқу корпусына айналған. Алайда төбесі ойылып, қабырғалары қирай бастаған соң оны да жауып тастапты. Елшібек батыр ауылына 2018 жылы мемлекет мектеп салып бермекші болған екен.
Алайда өзен жағасына салынады деген соң қауіпті деп халық қарсы болған. Дегенмен тұрғындар оның орнына деп ауылдың дәл ортасынан өз жерлерін ұсынған. Ата-аналар 5 жылдан бері дайын тұрған жерге мектеп салып беруге құлықсыздық танытқандардың әрекетін түсінбей жүр.
"Уәдені қатырып тұрып береді ендігі жылға деп, 2022-ге анық түседі дейді. Ол кезде Батыршаев еді, ол кезде түскен жоқ. Бадырақов мырза былтыр әкім бола салысымен осы ауылға келді, "Мектеп мәселесімен өзім айналысамын, биыл мектепті бастаймыз" деген. Ол уәденің өзі ұзап бара жатыр. Қазірдің өзінде осы жылдың күзіне түссе түсті, түспесе 2024 жылдың басына деп ол кісі де екі сөйлеп отыр", - дейді Ордабасы ауданының тұрғыны Рамазан Әбдіманап.
Аудандық білім бөлімі өкілдерінің сөзінше, ауылдың ортасына түсетін мектеп құрылысының құжаттары осыдан 3 жыл бұрын дайындалған екен.
"Қазіргі дайын жобаның құны - 981 миллион. Ал енді қазіргі нарықтық бағамен қайта есептеу керек оны, себебі 2021 жылғы бағамен қазіргі бағаның материалы бар жалпы басқа сәйкес келмейді ғой, мысалы, құрылыс материалдары. Сондықтан оны құрылыс басқармасы қайта есептейді. Сол басқарманың құзырында", - дейді Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Мұхитбек Сәрсенбеков
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан