- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ойынқұмарлық лудомания
Түркістан облысы: Біз балаларды ойынқұмарлықтан қорғауымыз керек
Түркістан облысы Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты мектептерде оқушылардың ойынқұмарлықтың зияны жайлы хабардар ету мақсатында іс-шаралар өткізілуде. "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" аясында қолға алынған бұл бастама қоғамның қауіпсіздігін сақтауға бағытталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жалпы аудандық білім бөліміне қарасты 66 мектеп жұмыс істейді, оның 37-і орта, 12-сі негізгі, 17-сі бастауыш мектептер. Оқушы саны 22 мыңнан асып жығылады.
Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұратбек Ұлтусын оқушыларға ойынқұмарлықтың қаупін түсіндіруге жұмыс жатқандарын жеткізді.
"Ойынқұмарлық жасөспірімдердің интеллектуалды және моральдық дамуына кері әсерін тигізеді. Біз олардың білім мен тәрбие алуға назар аударуын қалаймыз. Мектептердегі осындай іс-шаралар арқылы оқушыларға ойынқұмарлықтың шынайы қауіптілігі мен оның құрбаны болудың салдары жайлы түсінік беруге тырысудамыз", - дейді.
Ордабасы аудандық орталық ауруханасының психолог-дәрігері Мақпал Көпбаева ойынқұмарлықтың жастар психикасына тигізер зиянын баяндады.
"Лудомания адам өмірін басқаруға кіріскен кезде тұлғаның өзіне деген сенімін төмендетіп, байланыстарын бұзады. Мұндай жағдайлар әсіресе жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Психологиялық көмек арқылы біз балаларды ойынқұмарлықтан қорғау үшін олардың ой-санасын, өмірлік ұстанымдарын нығайтамыз. Жастар арасында психологиялық күйзелістер мен созылмалы ұйқысыздық жиі байқалады. Осыған байланысты алдын алу шараларын ерте бастап, дұрыс өмір салтын қалыптастыруға көмек көрсетуіміз керек. Бұл денсаулықты сақтауда маңызды қадам", - дейді психолог.
Полиция инспекторы Жанар Мұратбекова жастар арасында заң мен тәртіпке құрмет қалыптастыру маңызды екенін жеткізді.
"Ойынқұмарлық тек жеке адамға емес, бүкіл қоғамға әсер ететін фактор. Ол адамды қылмыстық әрекеттерге итермелуі мүмкін. Біздің қызметімізде осындай тәуелділік салдарынан қоғамға зиян келтірген жасөспірімдерді кездестіреміз. Сондықтан осындай іс-шаралар арқылы балаларды тәрбиелеп, олардың заң мен тәртіпке деген құрметін қалыптастыруға күш салудамыз", - дейді Жанар Мұратбекова.
Бұл іс-шаралар балаларға тек ойынқұмарлықтың зиянын түсіндіріп қана қоймай, тәуелділікке қарсы тұруға үйретеді. Білім мен денсаулық саласындағы мамандардың бірлесе жұмыс істеуі осы бағыттағы табыстың кепілі болып табылады.
Н. Ынтымақұлы