Түркістан облысы ауыл шаруашылық өнімдерін игеру бойынша екінші орында тұр

Түркістан облысы ауыл шаруашылық өнімдерін игеру бойынша екінші орында тұр
Фото: ERNUR.KZ

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты мақаласында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Осы бағдарлама аясындадағы жоспарды орындау бойынша еліміздің облыстары арасында Түркістан облысы алдыңғы қатарда келеді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыс құрамындағы қала, аудан басшыларына ауыл шаруашылығын, оның ішінде агроөнеркәсіпті дамытуға бағытталған кешенді жоспарды әзірлеуді тапсырды.

Облыстың негізгі экономикалық драйвері ауыл шаруашылығы болғандықтан, оны дұрыс игере алу үшін облыс басшысы бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінің 2017-2021 жылдардағы даму бағдарламасының» 2018 жылдың 6 айының қорытындысын жасап, саладағы атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.

 – Өткен жарты жылдықтағы саладағы жалпы өнім көлемі 146,4 млрд.тг құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,4 млрд. тг. артқан. Республикада өнім көлемі бойынша облысымыздың үлесі 14,6 %-ды құрап, 2 орынға шықты. Ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 68,6 млн. АҚШ долларын құрап 18,2 % артты. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыс бойынша 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативтері тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде, - деді Серік Тұрбеков.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мәселесін жылдамдату үшін аудан, қала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеген Жансейіт Түймебаев:

 – 1 ай мерзімде әрбір аудан кесіндісінде ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен бірге, сала бойынша Үкімет бекітіп берген индикаторлардың орындалуы қатаң бақылауға алынсын, - деді.

А. Қажиев