- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан қаласында ұзындығы...
Түркістан қаласында ұзындығы 5 шақырымға жететін қорған тұрғызылмақ
Одан бөлек, көне Рабат қаласы мен Тим базары салынады. Аймақта туризмді дамыту бағдарламасы бойынша «Көне Түркістан» тұжырымдамасы да әзірленген. «Бұл Ұлт жоспарында айтылған міндеттемелердің орындала бастағанын көрсетеді», - дейді сала мамандары.
Көне Түркістан қаласына жыл өткен сайын саяхаттап келушілердің саны артып отыр. Бір ғана былтырдың өзінде 1 миллионнан астам турист көне қала топырағын аттаған. Олар бірінші кезекте мәдениет, сәулет өнерінің қайталанбас шыңы саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесін тамашалауға асығады. Кесене жанындағы тарихи ықылым замандардан сыр шертетін орындар да қайта қалпына келтіріліп жатыр. Келген әрбір турист осы тарихи орындарды аралап көріп қана қоймай, қазақтың қайталанбас мәдениетімен танысатын болады.
Кристина Рейндл тарихи жәдігерлерді көру үшін Германиядан арнайы келген. Шалғай жерден киелі топыраққа табан тіреген саяхатшы көне қаладан ерекше әсер алғанын айтады. Қаншама елдімекенді аралап жүрсем де, кең дала төсінде кәдімгі топырақтан соғылған қалашықты бірінші рет көруім, - дейді ол.
Кристина Рейндл,саяхатшы: - Мен Қазақстанға тұңғыш рет келдім. Оған өкінбеймін. Әсіресе дала төсіндегі мұражай мен мәдениетті айтып жеткізу қиын. Бұрын мүлдем басқа ойда едім. Өз көзіммен көрген кезде шын мәнінде де таң қалдым. Бауырмал қарапайым жұрттың қонақжайлылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Болашақта тағы да келу ойымда бар.
Жергілікті билік көне қалаға саяхаттап келушілердің санын арттыру мақсатында арнайы тұжырымдама әзірледі. Соның негізінде биіктігі 6, ал ені 4 метр болатын қорған тұрғызылмақ. Туристер қоршаудың үстімен жүріп, бір кездері осы жерлерде билік құрған хандар мен билердің ордасын тамашалайды. Қорғанның ішкі жағындағы тарихи орындар толықтай қалпына келтіріліп жатыр.
Айдос Байжанов,тарихшы: - Туристер көне тарихы бар жәдігермен танысып, сусындаса дейміз. Қожа Ахмет Яссауи этнографиялық музейінде қазіргі заман мен кешегі күн сабақтасып жатыр. Ортағасырлық ғимараттардың қайта қалпына келтірілген түрлері де бар. Келушілерге жалпы Түркістанның тынысы тарихы, күнделікті тыныс-тіршілігін де көре алатын жағдай бар.
Ал қорғанның сырт жағынан көне Рабат қаласы мен Тим базары қайта қалпына келтіріледі. Керуен сарайдағы шайхана мен Шығыс медициналық орталығы, этноауыл мен Тұран халықтарының әскери мұражайы, тіпті шағын көлі бар саябақ та салынбақ. Тарихи-мәдени этнографиялық орталықта мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз дәріптеледі. Ал қолөнер шеберлері ұмытыла бастаған дәстүрді қалпына келтірумен шұғылданады. Барлық ғимараттар толықтай көне заманғы сәулетке негізделген.
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі: - Турист келгенде сол кездегі көне кезеңге енгейдей әсерде болуы керек. Ол адамдарды ары қарай көбірек тартуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде Сауран қалашығы бар. Ол да 6 ғасыр бұрын салынған қала.
Былтыр туристер есебінен жергілікті қазынаға 4 миллиард теңгеден астам қаржы құйылған. Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінің туристік компаниялары «Ұлы Жібек жолы» жобасын әзірлеп жатыр. Бұл тізімде Түркістан да бар. Жергілікті билік өкілдері көне қалада бой көтеріп жатқан нысандар туристердің қызығушылығын тудыратынына сенімді.
Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов.
Дереккөз: 24.kz
T. Кіршібаев