Желіде елорданы көшіру туралы ескі фейк тағы да тарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
WhatsApp-та Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы Астанадан Түркістанға көшіру туралы шешім қабылдағаны туралы видео пайда болды. Мәтіні бірдей, бірақ видеосы басқа ролик биыл сәуірде де Қазнетте жарияланған болатын. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ.
БАҚ-та елорданы Түркістанға көшіру туралы жаңалықтар болған жоқ. Мұндай ақпараттар ҚР Президентінің сайтында да шықпады.
Парламенттің ресми порталында да мұндай бастамалар талқыланғаны туралы жазылған жоқ.
Айта кетейік, елорда Түркістанға көшірілуі мүмкін екені туралы ақпарат Қазнетте 2020 жылдан бері айтылып келеді. Сол жылы желтоқсанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев сұхбаттарының бірінде мұндай шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Демек, таралған ақпарат - ескі фейк.
Еске салайық, биыл сәуірде тараған ақпаратта бұл идеяны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынғаны, ал Парламент депутаттары оны бірауыздан қолдағаны айтылған еді. Сондай-ақ, бас қаланы ауыстыру туралы ресми түрде 2024 жылғы қаңтарда жарияланатыны да жазылды. Алайда бұл да жалған ақпарат болған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!