Ежелгі Түркістанда керуен жолдары тоғысса, өткен сенбі күні KaravanSaray Arenа аумағында түрлі мәдениеттер мен дәстүрлер бір арнада тоғысты. The Spirit of Turkistan заманауи этникалық музыка фестивалі қалай өткені жайында әңгімелейміз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Фестиваль аумағында шығыс базары мен қолөнершілер жәрмеңкесі ашылып, қонақтарын күндізден бастап қарсы алды. Онда шығыс тәттілері, кептірілген жемістер, тандырдан шыққан ыстық өнімдер мен Қазақстанның үздік шеберлерінің қолынан шыққан ерекше бұйымдар сатылды. Музыканттар кешкі концертке дайындықтарын пысықтағанша, ұйымдастырушылар фестиваль аумағына келушілерге көптеген белсенді іс-шара ұсынды. Бұл күні әр қонақ өзіне керегін тапты десек те болады: біреулер Шығыс әлемінің атмосферасын сезіне түсу үшін оюмен өрнектелген аквагрим жасатса, басқалары қазақтың ұлттық ойындарынан сайысқа түсіп, Turan Mall Turkestan ұсынған бағалы сыйлықтарға ие болып жатты. Қылыш айналдыру шоуы да көрген жанды бей-жай қалдырған жоқ.
Биыл The Spirit of Turkistan шарасының бас серіктесі Kaspi.kz болды.
"Біз адамдарды музыка, спорт, қоғамдық мәдениет айналасында жұмылдыратын бастамаларды үнемі қолдаймыз. Біз үшін басты құндылық - адамдар арасындағы бейбітшілік пен достық. Бір-бірімізді жақсы көріп, тіл табысу үшін басқа мәдениеттер мен өзге ұлттардың дәстүрлеріне құрметпен қарау керек", - дейді Kaspi.kz-тің негізін салушылардың бірі, әрі директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким. Ол фестивальдің идеясын іске асырушы Батыр Қазыбаев болғанын еске алып: "өкінішке қарай, қазір бұл бейнесі жарқын, аса дарынды, ғажайып адам арамызда жоқ. Ол нағыз Жарық Жауынгері болатын, ал оның туындысы Азия елдерінің музыкалық мұрасын сақтауға, заманауи тілде жеткізуге, қазақстандықтардың жаңа буынын музыкаға баулуға және ел қонақтарын Қазақстан мен жалпы өңірдің мәдениетімен таныстыруға септігін тигізіп жатыр", - деп атап өтті.
Сахнаға алғашқы болып қазақстандық Hassak этно-фолк тобы шығып, алаңды қазақ даласының үнімен тербеді. Отандық өнер ұжымы фестиваль шымылдығын ашып, ұлттық аспаптарымызда ойнау шеберлігін паш етті.
Бұл уақытта сахна маңына жиналған адам қарасы көбейді. Сахнаға келесі топ көтерілгенше DJ Puza көрермендерді өзінің этно мен заманауи ырғақтар ұштастырылған сэттерімен көрермендерді билетті. Бұл кеште қазақстандық диджей сахнаға бірнеше рет шығып, фестивальдің музыкалық атмосферасын қыздырды. DJ Puza деген лақап атпен танымал Әсет Рахатов - Қазақстанның ең танымал диджейдерінің бірі, Red Bull 3Style Central Asia чпемионы, Халықаралық Дельфий ойындарының жеңімпазы.
Сахнаға шыққан тағы бір қазақстандық өнер ұжымы - Tengri тобы қазақтың көне күйлерін жаңаша, заманауи стильде орындады. Олардың өзгеше өнері ұшы-қиыры жоқ Ұлы Даланың құдіреті мен асқақтығын паш еткендей болды.
Атап өтейік, The Spirit of Turkistan фестивалі екінші жыл қатарынан Kazakh Tourism-нің қолдауымен өтіп жатыр.
"Kazakh Tourism бұл іс-шараға оқиғалық туризм аясында биыл екінші жыл қатарынан қолдау көрсетіп отыр. Меніңше, аймақтың және жалпы Қазақстанның туризмін дамыта отырып, осындай фестивальдерді қолдау керек, - дейді Kazakh Tourism-нің оқиғалық туризм департаменті директоры Айнұр Жұматаева. - Біз туристер Түркістанда мейлінше ұзақ уақытқа аялдауы үшін туристік өнімдер әзірлеуге айрықша мән береміз. Мақсатымыз - мұндағы тарихи ескерткіштерді көруге жағдай жасап қана қоймай, еліміздің бай тарихы туралы мол мағлұмат беру".
Фестиваль қыза түсті. Сахнаға тәжікстандық танымал әнші Тахмина Рамазанова мен Avesto тобы шықты. Музыканттар өз шығармашылығында джаз және фьюжно элементтерін Азия әуендерімен шебер үндестіреді. Топ солисі аудиториямен белсенді жұмыс жасап, көрермендерімен бір толқында болды.
Сахнаға шыққан келесі шыққан ABBOS тобын фестиваль қонақтары ерекше ықыласпен қарсы алды. Қазақстандық аудитория өзбек музыканттарын жақсы таниды, әрі көрерменге сыйлайтын өзгеше энергетикасы үшін жақсы көреді. Олардың костюмдерінің әдемілігі көз қуантады, ал қонақтарға ұсынған шоуы -өзбек дәстүрлері мен заманауи стильдің ерекше үйлесімі.
"Этникалық музыка фестиваліне қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бізді көрермендердің энергетикасы шабыттандырады. Фестиваль қонақтары біздің музыканы жылы қабылдап жатыр. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор, өйткені олар ұлты, жасы мен қызығушылықтары әртүрлі адамдардың бірігуіне, жақын боулына септігін тигізеді", - дейді Өзбекстан музыканттары.
Сахнаға Италиядан келген Veeble тобы шыққан кезде көрермендер белсенді бола түсті. Сыған әуендері мен тропикалық ырғақтардың үндестігінен құрылған әр композиция фестиваль атмосферасына ерекше бояу қосқандай болды. Музыканттар жиналған жұртқа қайталанбас әсер сыйлады.
"Бұл - ғажап фестиваль! Біріншіден, ауқымы мен кәсіби ұйымдастырылуы таңғалдырады. Екіншіден, аудитория бізді өте жылы қабылдады. Музыка - адамдар мен олардың мәдениеттері арасындағы көпір секілді. Ол шығу тегіміз сияқты басқа да факторларға қарамастан, баршамызды байланыстырушы, бір арнаға тоғыстырушы құрал", - деп ойын бөлісті Италия музыканттары.
The Spirit of Turkistan фестивалін биыл Borjomi минералды суы да қолдады. "The Spirit of Turkistan - идея, музыкалық және мәдени тәжірибе алмасу үшін таптырмас алаң. Түркі әлемінің түрлі мәдениеттерінің басын қосатын шара. Сондықтан Borjomi мұндай маңызды оқиғадан тыс қала алмады. Біз оның бір бөлшегі болуға және фестиваль қонақтарына энергия мен қуат сыйлауға қуаныштымыз.
"Біздің ойымызша, қазақстандықтар үшін бұл фестиваль - өткенге көз тастап, болашаққа зер салып көруге болатын керемет мүмкіндік. Қонақтар бабаларымыздың заманына саяхат жасап, өзі үшін бір жаңалық аша алады", - дейді Borjomi өкілдері.
Еске салсақ, фестиваль аясында Fly Arystan әуе компаниясынан Ыстамбұл қаласына 4 билеттің ұтысы ұйымдастырылды.
Түркістандағы KaravanSaray Arena алаңында музыка сиқыры жалғасып жатты. Түріктің Kolektif Istanbul тобы көрермендерге Кіші Азия мен Балқан әуендері, ырғақты фанк пен әуезді джаз үйлесім тапқан музыкасын ұсынды. Бұл - Түркиядан келген өнер ұжымының Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетуі, музыканттардың өнері фестиваль қонақтарының жүрегіне жетіп, көңілінен шықты.
Фестиваль сахнасына соңғы болып мажарстандық Kerekes Band этно-фанк тобы шықты. Қазақстандық көрермендер топ фронтмені Жомбор Фехерді тағатсыздана күтті. Ол өзінің көне сыбығысымен баршамызға жақсы таныс әуендерді орындады. Сахнада мажар музыканттары Абайдың "Көзімнің қарасы" әнін, әлемге әйгілі күйді өзгеше нақышта орындап, "Қара жорға" биін билеп, фестивальге келген қонақтарды тәнті етті.
Түркістан аспаны астында 10 000 көрермен жинаған заманауи этникалық музыка фестивалі әр қонақтың жүрегінде жылы естеліктерімен есте қалғанына сенімдіміз.
Бұл ғажайып кештің атмосферасын сезінем деушілерге тікелей көрсетілімнің жазбасын тамашалауға кеңес береміз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!