Түркіменстанда қазақстандық блогер ұсталды

Түркіменстанда қазақстандық блогер ұсталды
Фото: instagram.com/euro_soiuz

"Еуро одақ" деген лақап атпен танымал қазақстандық блогер Ерхат Құсайыновты түркімен шекарашылары ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерхат Алматыдан Абу-Дабиге автостоппен баруды жоспарлаған, кейінгі рет 17 қарашада Самарқан мен Бұхараға барғаны туралы жазған. Осыдан кейін блогер әлеуметтік желіден ғайып болып, достары дабыл қаға бастады.

Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та растады.

"Оны түркімен шекарашылары өзбек-түрікмен мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін ұстады, біздің елшілік бұл мәселеден хабардар, консул ұсталған азаматпен кездесуді сұрады", - деді Смадияров.

Ерхаттың отбасы мен достары бейжай қалмай, блогерді іздеуге көмектескендердің бәріне алғыс айтты.

"Жақын арада жағдай шешіліп, Ерхат елге аман-есен оралады деп сенеміз", - делінген олардың үндеуінде.

Қазір Ерхаттың жанкүйерлері мен достары жағдайдың тезірек шешілуін күтіп отыр.

Осы жылдың қазан айында Ерхат Құсайынов Алматыдан Ташкентке дейін жаяу жүріп барған. Блогер 49 күнде 1 194 000 қадам жасап, оны әлеуметтік желідегі оқырмандарына мақтанышпен айтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан