Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Қазақстанға келген Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент саммит жұмысына қатысқаны үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтып, оның бұл сапары екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі ілгерілету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
"Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамып келеді. Сондай-ақ стратегиялық әріптестік сипатына толық сай. Көпқырлы мемлекетаралық байланыстарымызға қолдау көрсеткеніңіз және оны үнемі нығайтуға атсалысқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Бұған дейін айтқанымдай, экономикалық ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары. Үкіметтер өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұған елдеріміздің барлық мүмкіндігі бар. Энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы бірқатар жобалар жүзеге асыру сатысында тұр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға да қолайлы жағдай жасалған", - деді Мемлекет басшысы.
Сердар Бердімұхамедов қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
"Түрікменстан Қазақстанмен ынтымақтастыққа баса мән береді. Елдеріміз арасында белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар жандануда. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз биыл күзде Түрікменстанға ресми сапармен келесіз деп күтемін. Сондай-ақ Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына арналған халықаралық форумға қатысуға шақырамын", - деді Түркіменстан президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ және көлік-логистика салаларындағы қазақ-түрікмен ынтымақтастығының даму перспективасын талқылады. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық қатынастарды кеңейту мәселесін қарастырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!