“Түрікмен әуе жолдары“ Мәскеуге рейстерді бір айға тоқтатты

“Түрікмен әуе жолдары“ Мәскеуге рейстерді бір айға тоқтатты
Фото: depositphotos.com/EvrenKalinbacak

"Түрікмен әуе жолдары" әуе компаниясы Мәскеуге тұрақты рейстерін бір айға тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Түрікменстан әуе компаниясы Ашхабад - Мәскеу - Ашхабад бағыты бойынша тұрақты рейстер 2024 жылғы 30 желтоқсаннан 2025 жылғы 31 қаңтарға дейін тоқтатылғанын хабарлайды", - делінген хабарламада.

Тоқтатылған рейстерге алынған билеттердің ақшасы толық көлемде қайтарылады.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әуе компания Ресей бағытындағы рейстерді тоқтатқан болатын. 

Qazaq Air әуе компаниясы 2024 жылдың 28 желтоқсанынан 2025 жылдың 27 қаңтарына дейін Астана - Екатеринбург бағыты бойынша әуе рейстерін уақытша тоқтататынын мәлімдеді.

"Рейстерді тоқтату Ресейге ұшудың тұрақты қауіп-қатер бағасын ескере отырып, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды. Әуе компания Омск және Новосибирск қалаларына ұшуларын жалғастырады, себебі олар қазіргі уақытта QAZAQ AIR қауіп-қатер бағалауының критерийлеріне сәйкес келеді. Екатеринбургке ұшуларды қайта бастау қауіп-қатер бағалауының нәтижелері бойынша жүзеге асырылады", - деп хабарлады компания.

Қосымша ақпарат ретінде, рейстердің тоқтатылуына байланысты жолаушыларға толық билет құны қайтарылып, басқа ұшуларға тегін қайта брондау ұсынылады.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Ресейге ұшуларын тоқтатқан болатын. Сол кезде тасымалдаушы Ресейге және оның аумағы арқылы коммерциялық рейстерді сақтандырудың тоқтатылуына байланысты барлық ұшулар осы бағыт бойынша тоқтатылды деп мәлімдеген еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина