Мемлекет басшысы Түркия президентімен келіссөз кезінде энергетика кешеніне қатысты мәселелерге ерекше тоқталғанын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мұнай-газ нарығындағы жағдайды ескере отырып, осы бағыттағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаластық. Turkish Petroleum Corporation компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Біз мұны құптаймыз. Еліміз ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі. Сонымен қатар, біз тау-кен саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отырмыз. Түрік компанияларының кен орындарын игеру, металды қайта өңдеу және құйма өндірісі саласындағы тәжірибесі мол. Осыған орай, бауырлас елдің кәсіпкерлерін еліміздегі ірі жобаларға белсене атсалысуға шақырдым. Тағы бір маңызды сала – ауыл шаруашылығы. Бұл бағытта бірқатар инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде Tiryaki Agro және Alarko Holding компанияларының жұмысын атап өткім келеді. Сонымен қатар, біз Түркия президентімен жақын арада ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайтуға арналған Жол картасын қабылдауға келістік. Бұл қадам дәнді-дақыл экспортын арттыруға ықпал етеді. Түркия заманауи агротехнологияны кеңінен қолданып жатқаны белгілі. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ақпараттық технологияларды дамыту, экономиканың түрлі саласында озық цифрлық тәсілдерді қолдану – заман талабы.
"Жуырда Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы жарлыққа қол қойдым. Мұны еліміздің болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деуге болады. Нақтырақ айтқанда, біз білім беру жүйесін әрбір оқушының қарым-қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне баса мән беріп отырмыз. Қазақстан жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Бұл бағытта екі ел кәсіпкерлері бірқатар табысты жобаны жүзеге асырды. Әсіресе, қазақ-түрік цифрлық платформаларын атап өткен жөн", – деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова