Түркияның Кахраманмараш провинциясында 18 ақпанда кешке қарай магнитудасы 5,1 болатын жер сілкінісі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Түркияның табиғи апаттар мен төтенше жағдайларды жою басқармасы (AFAD) сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, жер асты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша сағат 22.31-де Гёксун аймағында тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы 12,18 шақырым тереңдікте болды.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) сейсмологтары жер сілкінісінің күшін 5,2 балл деп бағалады. Жаңа жер сілкінісінен зардап шеккендер мен құрбандар туралы әзірге ақпарат жоқ.
Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында 7,7 және 7,6 балдық екі күшті жер сілкінісі болып, сонымен қатар мыңдаған кішігірім дүмпулер тіркелді. Жер сілкінісінің бір ошағы Хатай провинциясымен шектесетін Кахраманмараш провинциясында болды. Түркияда 18 ақпанда кешке жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 40 мыңнан асты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!