- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркияны дүр сілкіндірген...
Түркияны дүр сілкіндірген оқиға: 8 жастағы қыздың денесі табылды
Түркияның Диярбакыр провинциясында 8 жасар Нарин Гюран атты қыз өлі табылды. Осыған байланысты қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген 21 адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап.
Нарин 21 тамызда Тавшантепе ауданында із-түзсіз кеткен. Ол Құран оқуды үйрететін курсқа кетіп, үйіне оралмаған. Бастапқыда ата-анасы өздері іздеуге тырысқанымен нәтиже болмаған, артынша полицияға хабар берілген.
DHA агенттігінің мәліметінше, іздеу кезінде полиция мен жергілікті жандармерия 12 мыңға жуық автокөлікті және 32 мыңға жуық адамды тексерген. Одан бөлек, 130 адамнан жауап алынып, 1100 гектар жерде іздеу жұмыстары жүргізілген.
Нариннің денесі өзі тұратын ауылдан екі шақырым жерден табылды. БАҚ мәліметінше, сол ауданда 28 тамыз күні аяқ киім табылған, алайда ол кезде қыздың ата-анасы бұл Наринға тиесілі емес екенін айтқан.
Диярбакыр провинциясының губернаторы Мурат Зорлуоглу қыз бала қапта жатқанын, белгісіз біреулер оның үстін таспен бастырып, бұтақпен жауып кеткенін айтады.
"Мамандар тексеріс жүргізіп жатыр. Тергеу барысында 21 адам қамауға алынды", - дейді елдің Әділет министрі Х әлеуметтік желісінде.
Milliyet газетінің мәліметінше, ұсталғандардың арасында Нариннің туыс ағасы да бар.
Президент Әкімшілігі жанындағы байланыс басқармасының басшысы ел президенті Режеп Тайып Ердоған бұл істі жіті бақылауға алғанын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина