Елімізде - отандық флоттың жетіспеушілігі мәселесі өзекті болып отыр. Оның ішінде кеме бірліктері жетіспейді. Осыған байланысты түркиялық компаниялар Құрық портының жанында кеме жасайтын зауыт салмақшы. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінде Құрық - Алят қатынасында тек әзербайжандық паромдар жұмыс істейді.
"Қазірдің өзінде бізге ең кемінде 7 бірлік кеме қажет. Оның өндірісін қалыптастыру үшін түркиялық YDA және ASFAT компаниялары Құрық портының жанында арнайы зауыт құрылысын жоспарлап отыр. Бұл ретте, басымдылық контейнерлік тасымалдауға беріліп отыр. Алдағы 3 жылдың ішінде Ақтау портының контейнер өңдеу қабілетін 140 мыңнан 550 мың контейнерге дейін ұлғайту жоспарланған", - деді Қарабаев.
Ол үшін қытайлық "Ляньюньган порт" компаниясымен бірге контейнерлік хабтың құрылысы басталды. Оған қоса, германиялық Ренус, америкалық Wandernet және франциялық CMA CGM сияқты компаниялармен қосымша 300 мың контейнерлік терминал ұйымдастыру пысықталуда. Сонымен қатар Құрық портында көпфункционалды "Саржа" терминалының құрылысы жүргізіліп отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз