Ресей астық мәмілесіне қайта келісті. Бұл жағдай Украина үшін маңызды болғаны анық. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі оқиғаларға шолу жасады.
БҰҰ Ресейдің Украинадағы "биоқару өндірісін" тергеуге үндеуін қабылдамады
Washington Post мәліметінше, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің Вашингтон мен Киевтің Украинада биологиялық қару жасау бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысуы туралы тергеу жүргізуді талап еткен қарарын қабылдамаған.
Құжатты тек Ресей мен Қытай қолдаған. АҚШ, Ұлыбритания және Франция қарсы болған. Қалған он ел қалыс қалған. Қарарды қабылдау үшін кем дегенде тоғыз дауыс қажет болған.
Украинаның үш облысында энергиямен жабдықтау шектеледі
Днепропетровск, Запорожье және Кировоград облыстарында қайталанатын апаттың алдын алу үшін электрмен жабдықтауға уақытша шектеулер енгізілген. Бұл туралы "Украэнерго" ҰЭК хабарлады.
Иран Ресейге қару жеткізуден бас тартпаса, Украина "аяусыздық" танытады - Украина СІМ
Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Иран Украинаға қарсы соғыста қолданатын Ресей қаруын жеткізуден бас тартпаса, Украина "аяусыздық" танытатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Киевке сапармен келген испаниялық әріптесі Хосе Мануэль Альвареспен бірлескен брифингте айтты.
"Қауіп шынайы. Иранға дипломатиялық арналар арқылы, бұл шешім мақұлданып, жүзеге асырылса, оның салдары қандай болатынын хабарладық. Біз мүмкіндігінше әділ болдық. Ендігі қадам Иран тарапында", - деді Кулеба.
Ресей Украинамен астық мәмілесіне қайта келісті
Ресей Украинадан Мәскеуге қарсы соғыс қимылдарын жүргізу үшін астық дәлізін пайдаланбау туралы жазбаша кепілдік алғаннан кейін астық мәмілесіне қатысуға қайта келісті. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі бұған Түркия мен БҰҰ ықпал еткенін мәлімдеді. Мәскеу мәміледен уақытша шығуын Севастопольдегі дрон шабуылына байланысты түсіндірген.
Ердоған Ресейдің астық келісіміне оралуы туралы әзілдеді
Түркия президенті Тайып Ердоған америкалық әріптесі Джо Байденге теңіз гуманитарлық дәлізі арқылы Украинадан астық шығаруды қайта бастау туралы хабарлауға ниетті екенін айтты. Бұл туралы ол Парламентте өзі басқарған Әділет және даму партиясы фракциясының отырысында сөйлеген сөзінен соң хабарлады.
"Алдымен Байденге, содан кейін сіздерге хабарлаймын", - деді Ердоған Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді астық мәмілесі туралы шешімді қайта қарауға қалай көндіргені туралы сұраққа күліп жауап беріп.
Түркияға және тұтқын алмасуға сенемін - Зеленский
"Түркия президентіне астық мәмілесін сақтауға белсенді қатысып, Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін алғыс білдірдім. Тұтқындар мен саяси тұтқындарды қайтару жөніндегі келесі қадамдар талқыланды. Мұнда да Түркияның қолдауына сенемін", - деп жазды Зеленский Twitter-де.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!