Түркияға қарай зымыран ұшырғаны рас па? Иран тарапы жауап берді

Иран Түркия бағытына баллистикалық зымыран ұшырғанын жоққа шығарды. Бұл туралы Ислам Республикасы Қарулы күштерінің Бас штабы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі IRIB-ке сілтеме жасап.

"Иранның Қарулы күштері көршілес әрі достас Түркия елінің егемендігін құрметтейді және оның аумағына қарай зымыран ұшырылды деген кез келген ақпаратты жоққа шығарады", - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Түркия аумағында Ираннан ұшқан баллистикалық зымыран атып түсірілгені туралы ақпарат тараған болатын.

"Иран аумағынан Ирак пен Сирия әуе кеңістігі арқылы Түркияға қарай ұшқан баллистикалық зымыран уақтылы анықталды", - деді Түркия Қорғаныс министрлігі өкілдері.

Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеран ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюға ниет білдірді.

Жексенбіге қараған түні Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны жарияланды. 

Тегеран жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы Америка базаларына шабуыл жасады.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times газетіне берген сұхбатында АҚШ әскери күштері қажет болған жағдайда Иранға шабуылды төрт-бес апта бойы жалғастыруға ниетті екенін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!