Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болды. Оқиға салдарынан көптеген адам опат болып, ғимараттар қирады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Daily Sabah мәліметінше, Түркиядағы жойқын жер сілкінісі осы елмен көршілес Сирияда 237-ден аса адамның өмірін жалмаған. Ал Сирияның Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі жер сілкінісі бүкіл аймақты дүр сілкіндірген кезде 639 адам жарақат алған.
SANA мемлекеттік ақпарат агенттігі мәліметінше, Сирияның Идлиб, Алеппо, Хама, Латакия және Ракка аймақтарында қатты дүмпу сезілген.
РИА Новости мәліметінше, Сирия мен Түркиядағы жер сілкінісі құрбандары саны жалпы 500 адамнан асқан. Кейінгі мәліметтер бойынша, оның ішінде 250-ге жуық сириялық және шамамен 280 түрік азаматы бар.
Сондай-ақ, Түркияда тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ол ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген болатын. Шахинбейдің орталық ауданындағы тарихи Газиантеп бекінісінің шығыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктері жер сілкінісінен қирап, үйінділер жол бойына шашылып қалған.
Сонымен қатар, қамал маңында орналасқан Ширвани мешітінің күмбезі мен шығыс қабырғасы жартылай бүлінген.
Айта кетейік, Газиантеп бекінісі біздің заманымыздың II және III ғасырларында Хетт патшалығы кезінде салынған.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда жойқын зілзала болғаны хабарланған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!