Атақты түрік актрисасы Ханде Эрчелдің әпкесі елде болған жер сілкінісі салдарынан жетім қалған баланы асырап алатынын айтты. Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Tengri Lifestyle.
Түркиядағы зілзаладан соң мыңдаған бала ата-анасынан және жақын адамдарынан айырылды. Актриса Ханде Эрчелдің әпкесі Гамзе және оның күйеуі Джанер сондай балалардың бірін асырап алғысы келетінін және бұл ұсыныстарын билікке жеткізгендерін хабарлады.
Ерлі-зайыптыларға өтінішхатты тексеріп, белгіленген тәртіпте қабылданған шешім туралы хабарланатыны айтылған.
Ерлі-зайыптылар өздерінің батыл қадамдарын түсіндіріп өтті.
"Біз әйелім екеуміз осылай істеуге бел будық. Біз баланың отбасысы болуға өтініш қалдырдық. Бұл қиын әрі ұзақ процесс болады, жауап бірден келмейді. Бірақ біз шешім қабылдадық және қолымыздан келгенін жасаймыз", - деп жазды Джанер өзінің Instagram парақшасында.
Бұл жұптың екі жасар Мави есімді қызы бар. Оған 2022 жылы қатерлі ісік диагнозы қойылып, қазір ол қарқынды түрде ем алып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 7200 адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.
Зілзаладан кейін Түркия тұрғындары басылымға жер сілкінісі туралы айтып берді. Сонымен қатар, Желіде жер сілкінісінің суреттері жарияланды. Тіпті көпқабатты ғимарат қираған сәт видеоға түсіп қалған. Осы оқиғалардан соң Түркияда жеті күндік аза тұту жарияланды.